$ 518.19  597.32  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанадағы «AMANAT» партиясы филиалында кәсіпкерлік мәселелері талқыланды

Астанада 278 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген

Астанадағы «AMANAT» партиясы филиалында кәсіпкерлік мәселелері талқыланды
Фото: Azattyq Rýhy

Астанада «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда шағын және орта бизнестің дамуы, қаржылық қолдау тетіктері, инвестиция тарту және саладағы бірқатар түйткілді мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кеңесте алғашқы болып сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов елорда шағын және орта бизнеске негізделген заманауи мегаполиске айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, қаланың экономикасында ШОБ үлесі шамамен 70 пайыз. Қазір қалада 278 мыңнан астам бизнес субъектісі жұмыс істеп, бұл секторда 541 мыңға жуық адам еңбек етеді.

«Бизнесті қолдаудың негізгі тетігі - қаржылық қолдау бағдарламалары. 2025 жылы іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы жылдық 12,6 пайызға дейінгі төмендетілген мөлшерлемемен несие береді. Бағдарлама басталғалы бері 71 млрд теңгеге 161 жоба қолдау тапты. «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлер үшін кепілдік тетігі жеңілдеп, кепіл көлемі қарыздың 85 пайызына дейін жетті. Биыл бұл бағытта 2 млрд теңгеге 282 жоба мақұлданды»,- деді ол.

Әкім орынбасары субсидиялау бағыты бойынша да қолдау көрсетілгенін жеткізді. Оның айтуынша,  биыл жергілікті бюджеттен 11,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, шамамен 3 мың жоба субсидия алған.

Отырыста әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де қозғалды. Глотовтың сөзінше, Астана әлеуметтік кәсіпкерлер саны бойынша ел ішінде бірінші орында тұр. Тіркелген 1520 субъектінің 268-і елордада жұмыс істейді. Сонымен қатар биыл Орталық Азияда алғаш рет әлеуметтік инновацияларға бағытталған жаңа акт-жоба іске қосылған.

Қалалық мәслихатпен бірлесіп жаңа Салық кодексі қабылданғанға дейін жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы режим мөлшерлемесін 4 пайыздан 3 пайызға түсіру мәселесі қарастырылып жатқаны да айтылды.

«Биыл Астанаға тартылған инвестициялар 1,9 трлн теңге. Оның 70 пайыздан астамы жеке инвестициялар. Жыл соңында бұл көрсеткіш 2 трлн теңгеден асады деп болжанып отыр», - деді ол.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,7 млрд долларға жетіп,  өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.

Жиында сөз алған «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Астана қалалық директоры Жеңіс Тайшытаев кәсіпкерлердің дауысы естіліп, жүйелі мәселелердің шешім табуы үшін Палата белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Биыл ғана Палатаның қорғаныс алаңында 10 отырыс өткізіліп, кәсіпкерлер көтерген ондаған мәселе оңынан шешілді. Қаралған 226 өтініш бойынша даулар мен талаптардағы қаржылай сомалардың жиынтық көлемі 14,5 млрд теңгеге жетті»,- деді ол.

Кеңес барысында кәсіпкерлер тарапынан нақты мәселелер көтерілді. Кәсіпкер Бауыржан Оразбеков «Даму» қоры арқылы несие мөлшерлемесін төмендету тетігіне қатысты қиындық барын, банктің субсидияланған пайыздың тек жартысын ғана қабылдағанын айтып, сегіз ай бойы 25 пайызбен төлеуге мәжбүр болғанын жеткізді. Оның айтуынша, несие рәсімдеу барысында уәде етілген шарттар толық орындалмай, кәсіпкер айтарлықтай шығынға ұшыраған. Бұл мәселені Палата өкілдері жеке қарауға уәде берді.

Кәсіпкер Марат Өсербеков Парламент бекіткен жалпы салмағы 12 тоннадан асатын көліктердің жалпы пайдаланымдағы жолдарға шығуына шектеу енгізу нормасы отандық жүк тасымалы саласына теріс әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұл талап қазақстандық тасымалдаушылардың жұмысын тоқтатып, нарыққа шетелдік компаниялардың кіруіне жол ашуы ықтимал.

Өсербеков бұл шектеу карьерлік техникаға емес, құрылыс жұмыстарына қажет жүк көліктеріне қатысты екенін атап өтті. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай өзгеріс қосалқы қызмет көрсететін және қосалқы бөлшек сататын көптеген шағын бизнеске де әсер етуі мүмкін.

Жеңіс Тайшытаев бұл мәселенің республикалық деңгейдегі құзырет екенін айтып, кәсіпкерлермен бірлесіп талқылау үшін қосымша кездесу ұйымдастыруды ұсынды.

Отырыс барысында қатысушылар кәсіпкерлікті қолдау, заңнаманы жетілдіру, субсидиялау, жүк тасымалына қатысты реттеу және инвестициялық климатты жақсарту бағытында ұсыныстар білдіріп, көтерілген мәселелер бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары