«Күйеуімнің құны 5 млн емес»: жол апаты салдарынан жесір қалған әйел әділдік іздеп жүр
Жол апатын тудырған марқұмның өзі деген шешім шығып, іс жабылып қалған
Алматы облысына қарасты Іле ауданында болған жол апаты салдарынан күйеуінен айырылған келіншек әділдік іздеп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Жол апатынан бүтін бір отбасы тірегінен айырылды. Жақын маңда орналасқан Нұрлы жол саяжайынан негізгі тас жолға шығуға талпынған темір тұлпардағы азамат қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Екінші автокөліктің жүргізушісі – кәмелетке толмаған 17 жастағы жасөспірім. Салдарынан апталдай азамат оқиға орнында тіл тартпастан бақиға аттанған.
Жантүршігерлік жайт биыл 26 мамырда болған. Марқұмның жанында көлікте үлкен ұлы отырған. Ол да ауыр жарақаттың салдарынан 3 апта ауруханада жатып шыққан. Денсаулығы тек бірнеше отадан кейін қалпына келіпті.
«Жеке бір куәгер болды, ол – жолдың арғы бетінде тұрған үлкен кісі. «Соңынан полиция көлігімен қуып келе жатыр еді» деп айтты. Ол қарсы жолаққа шығып, көлікті басып озып, соққан. Артқы есігін ашып қарасам, баласы «Папа, тұр, тұр, көзіңді ашшы» деп жатқанын көзімен көргенін айтты», – деді «Нұрлы жол» саяжайының тұрғыны Қобыланбатыр Бекмәмбетов.
Бес бірдей баламен ер азаматынан айырылған көпбалалы ананың тұңғышы да әлі кәмелетке толмаған, сүт кенжесі болса 8 жасқа толды. Келіншектің айтуынша, жүргізуші куәлігінсіз көлікті жоғары жылдамдықпен басқарған жас жігіт ешқандай жаза арқаламады. Құзырлы орган өкілдері тек жасөспірімнің ата-анасына 19 мың теңге айыппұл салған. Өйткені жол апатын тудырған марқұмның өзі деген шешім шығып, іс жабылып қалған. Алайда Жанат Розиева мұндай себеппен жас жігітті жазадан босату заңсыз деп есептейді.
«Маған олар 5 млн теңге ұсынды. Мен алмадым, өйткені күйеуімнің құны 5 миллион теңге емес. Бес баламның көз жасы 5 миллион теңгеге татымайды. «Әкешім, сені сағындым» деп күнде хат жазатын қызымның көз жасы 5 миллион тұрмайды. Олардың бір-ақ рет маған 5 млн беріп, істі жауып тастайық деп келгені керек болмады. Сол үшін мен олардан бес тиын ақша алмадым», – деді марқұмның әйелі Жанат Розиева.
Келіншектің ендігі тілегі - жасөспірімді өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырып, марқұмның кенжесі кәмелетке толғанша өтемақы алу. Ал облыстық полиция департаменті аталған жайтқа қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Кінәлі адамның қаза болуына байланысты прокуратураның келісімі негізінде қылмыстық іс өндірістен қысқартылды. Сонымен қатар Мерседес көлігінің иесі көлік құралын жүргізуші куәлігі жоқ адамға басқаруға бергені үшін жауапкершілікке тартылды», – деді полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.