Омар Жәлел тойдың бір ғана түрін қалдыруды ұсынды

Автор: Алмас Ерсін

Оның пікірінше 60-70 жасқа толған мерейтойларды шағын етіп, туған-туыстың ортасында өткізу керек

Фото: @omarjaleluly_official_page

Белгілі абайтанушы Омар Жәлел тойдың бір ғана түрін қалдырып, қалғанын шағын дастарқан басында туған-туыстың ортасында өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Шыны керек, бәрі кедейліктен шығады. Той иесі мейрамхананы жалдап қояды, бірақ төлейтін ақшасы жоқ. Келген адамның аузына қарап отырады. Ол келмей қалса, шығынға батады. Сондықтан үйлену тойынан басқа тойдың қажеті жоқ. Ал 60-70 жасқа толған мерейтойларды шағын етіп, туған-туыстың ортасында өткізуге болады», - дейді Омар Жәлел.

Абайтанушының бұл пікірін желідегі жұрт қолдай кетті.

«Дұрыс, тойды қысқарту керек. Үйлену, қыз ұзату тойынан басқаны тоқтатса жақсы болар еді», «100 пайыз дұрыс айттыңыз, той керек емес», «Ұзатудың да қажеті жоқ сияқты. Бір той жарайды ғой», «Менің әкем де осылай дейді», - деп жазды олар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Омар Жәлел күнде тойға баратын қазақтарды сынға алған болатын. Омар Жәлел апталап тойда жүруді өте қауіпті тенденция деп санайды. Айтуынша, көрші елдер кәсіппен айналысып, уақытын тойға жібермейді.

 «Бізде аптаның жеті күні той. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі... Бармайын десе, көпшілік туыстық қатынасты алға тартып, ұят деген сезіммен қинайды. Кәсіпкер адамдар тойға бармайды. Кәсіптің ең үлкені – ғылым. Кезінде Қаныш Сәтбаев ешқашан тойға бармаған», - деді Омар Жәлел.