«Қаныш Сәтбаев ешқашан тойға бармаған»:Омар Жәлел күнде тойға баратын қазақтарды сынады

Темірхан Айжан

Абайтанушының сөзінше, бұрын той жасау байлығыңмен бөлісудің бір формасы болған

«Қаныш Сәтбаев ешқашан тойға бармаған»:Омар Жәлел күнде тойға баратын қазақтарды сынады
Фото: @omarjaleluly_official_page

Белгілі абайтанушы Омар Жәлелдің сөзінше, қазақ тойды «жылу жинау үшін жасайды». Ол халықтың той жасау мәдениетін өзге елдермен салыстырып, сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Омар Жәлел апталап тойда жүруді өте қауіпті тенденция деп санайды. Айтуынша, көрші елдер кәсіппен айналысып, уақытын тойға жібермейді.

«Бізде аптаның жеті күні той. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі... Бармайын десе, көпшілік туыстық қатынасты алға тартып, ұят деген сезіммен қинайды. Кәсіпкер адамдар тойға бармайды. Кәсіптің ең үлкені – ғылым. Кезінде Қаныш Сәтбаев ешқашан тойға бармаған. Ғалым «тойға барсам уақытым босқа кетеді, артық тамақ ішіп, асқазаным ауырады, ғылымға зияным тиеді» дейді екен... Біз артық қыламын деп, тыртық қылып жатырмыз. Мысалы, Қытайға, Түркияға барыңыз, олар той жасамайды, олар күні-түні кәсіп істейді. Тек ең маңыздыларын ғана жасайды. Мысалы, өзбектер тойды таңғы алтыда жасайды. Олар кәсіптің ыңғайына бағынады. Таң намазынан кейін барлығы тойға келеді, тойып алып жұмыстарына кетеді. Міне, бұл кәсіпқой ұлттың тірлігі», - деді Омар Жәлел Qazaq Airan YouTube арнасына берген сұхбатында.

Ол баяғыда танымал адамдар тойды жылу жинау үшін емес, керісінше байлығын көрсету үшін жасайтын дейді.

«Тойды тойынған адам жасау керек. Той дегеніміз белгілі бір мөлшерде жұрттан жылу жинау емес, бұрын той байлығыңмен бөлісудің формасы болған. Қолы бос, кәсібі жоқ адам не істейді, той тойлайды. Кәсібі бар қазақтың өзі де тойдан бас тарта бастайды. Кәсібі жоқ, мақсаты жоқ адам еріксіз тойға алданады. Бұл шарасыздықтан туған нәрсе. Бұл 20 – 30 жылдың ішінде ұлттың деңгейін көтере алмай, оны кәсіпқой ұлтқа айналдыра алмағанның көріністері. Біз қазір кәсіпті бірінші орынға қоюымыз керек», - деді Омар Жәлел.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.