Жетісайда өрттен зардап шеккендердің бірі тікұшақпен Шымкентке жеткізілді (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

ТЖМ тікұшағы санитарлық рейс жасады

Фото: видеодан скриншот

«Казавиақұтқару» авиациялық қызметінің EC 145 тікұшақ экипажы Түркістан облысының Жетісай ауданынан санитарлық рейс орындап, 12 адамның өмірін қиған өрттен зардап шеккен 1986 жылғы ер адамды Шымкентке жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы ақпаратты Түркістан облысының ТЖД баспасөз қызметі таратты.

«Түркістан облыстық ауруханасы Шымкент қаласында орналасқандықтан, ал Жетісай ауданында шұғыл көмек көрсету үшін қажетті арнайы жабдық жеткіліксіз болғандықтан тасымалдау қажет болды», - деп түсіндірді ведомство.

Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, зардап шеккен адамды Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізді. Тікұшақ жерге қонған соң ер адам арнайы медициналық мамандардың бақылауына тапсырылды.

Бүгін Алғабас ауылындағы өрттің ықтимал себебі айтылды. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына ақауы бар электрлік ұзартқыш себеп болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға кеше сағат 05.36-да болған. Екі қабатты жер үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара құлаған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Өрт сағат 07.22-де жойылды. Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының реанимация бөлімінде жатыр.