Жетісу облысының тұрғыны алимент төлемегені үшін сотталды: ол балаларына 6,5 млн теңге қарыз

Автор: Асыл Арман

Алимент төлемеген борышкер бас бостандығынан айырылды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жетісу облысының Ақсу ауданында балаларына алимент төлеуден әдейі жалтарған ер адам сот үкімімен түрмеге қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, оның үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Аталған борышкердің төлем жасауға нақты мүмкіндігі бола тұра, соңғы төрт жыл бойы өз міндеттемелерін орындамағаны анықталды. 2021 жылдан бері берешек сомасы 6,5 миллион теңгені құрады.

Сот борышкерге бір жыл бас бостандығын шектеуді тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тағы бір жағдайда аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 2,5 миллион теңге көлемінде қарызы бар тағы бір азаматқа қатысты да сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.

«Биыл облыста Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша 172 борышкер жауаптылыққа тартылды.

Жалпы, қадағалау шаралары бойынша балалардың пайдасына 140 миллион теңге алимент өндірілді.

Облыс прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда және барлық ата-аналарды балалар алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырады», – делінген прокуратура хабарламасында.