Бірдей лауазымдағы жұмысшылардың жалақысы заңмен теңеседі
Бұл норма қазіргі заңнамада жоқ
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов бір лауазым мен бір мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің жалақысындағы алшақтық мәселесі заң бойынша реттелетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бір кәсіпорында, бірдей лауазымда, бірдей функцияны атқаратын қызметкерлердің жалақысында бірнеше есе айырмашылық болмауы тиіс. Алайда, қазіргі заңнамада бұл мәселе реттемеген. Сондықтан осындай әділетсіздік жиі кездеседі. Мысалы, бірдей жұмысты атқарып, бірдей талаптарға сай келетін шетел мамандары мен жергілікті мамандар арасындағы жалақылары бойынша алшақтық проблемасы бар. Сондықтан да, біз ұжымдық шартқа бір лауазым ішіндегі ең жоғары және ең төменгі жалақының ара қатынасын міндетті түрде белгілеу туралы норманы ұсындық. Бұл норма – еңбекақы төлеудегі әділдік үшін қажет деп санаймыз», – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, еңбек даулары кезіндегі жұмыскердің мүддесін қорғау бойынша да талаптар бар.
«Қазір өндірісте жазатайым оқиға болса, оны тергейтін комиссияны жұмыс берушінің өзі құрады, басқарады. Сондықтан көп жағдайда тергеу субъективті өтіп, жұмысшы немесе оның отбасы әділдік таппай, сенімсіздік пайда болады. Сондықтан біз тергеу процесін объективті ету мақсатында, комиссияның құрамына тәуелсіз тараптарды – медиаторларды, және оның туыстарын немесе адвокатын қосуға мүмкіндік береміз. Егер тергеу ашық болса, оған бірнеше тараптар қатысса, бұл тергеу әділірек өтіп, қарапайым жұмыскердің дауысы ескерілетін болады деп санаймыз», – деді ол.