Медцина қызметкері зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан кезде оның үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен
Астанада жарақат алған адамдарға көмек көрсету кезінде ауыр жарақат алып, аурухана төсегінде қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 8 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері опырылып түсіп, бес адам зардап шеккен еді. Жарақат алғандар арасында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ұлдана Мырзуана да болған. Ол оқиға орнында зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан кезде үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен.