Сот ішімдік ішкені үшін жұмыстан қуылған қарағандылық полицейді қолдамады
Қызметтік этиканы бұзғаны үшін жұмыстан шығару туралы шешім дұрыс деп танылды
Қарағанды соты полиция қызметкерін тәртіп бұзғаны үшін жұмыстан шығару туралы шешімді дұрыс деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
2025 жылғы 9 сәуірде Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты Н.-нің Ішкі істер департаментіне қызметке қайта алу және жұмыстан босатуды заңсыз деп тану туралы талабын қарады.
Қоғамдық тәртіпті бұзған
Талап қоюшы өзі ешқандай тәртіптік теріс қылық жасамағанын, азаматтарға құрметсіздік көрсетпегенін, қоғамдық тәртіпті бұзбағанын, сондай-ақ былапыт сөздер қолданбағанын алға тартып, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тануды сұрады. Талапкер көңіл көтеру мекемесіндегі шотты уақытылы төлегенін де атап өтті.
Алайда, соттың мәліметінше, қызметтік іссапарда болған сәтте полиция аға лейтенанты:
- қоғамдық орында орынсыз мінез көрсеткені,
- «ChechilPub» ойын-сауық мекемесіне барғаны,
- алкоголь ішкені,
- мекеме әкімшілігімен жанжалдасып қалғаны,
- мас күйінде полиция қызметкерлеріне бағынбағаны анықталды.
Полицейдің әрекетіне заңды баға берілген
Полиция департаменті бастығының бұйрығымен Н. қызметтік нұсқаулықты, антын өрескел бұзғаны және құқық қорғау органын беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарынан запасқа босатылған.
Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 16-бабына сәйкес, полиция қызметкерлері:
- Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға,
- адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге,
- қызметтік және еңбек тәртiбiн сақтауға,
- өзіне ҚР заңдарымен белгіленген шектеулерді қабылдауға, ҚР заңнамасымен көзделген қызметтік әдеп нормаларын сақтауға міндетті.
Аталған Заңның 80-бабының 2-тармағында құқық қорғау органының беделін түсіретін теріс қылықтар, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ құқық қорғау қызметінің қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер, атап айтқанда:
- қызметкерлердің қоғамдық орындарда алкогольдік мас күйде жүруіне,
- қызметтік жағдайды жеке мүддесі үшін пайдалануына,
- қоғамда жағымсыз пікір туғызатын жарғыға қайшы әрекет жасауға болмайтыны айтылған.
Сот талап арызды қанағаттандырмады
Бірінші саты сотының шешімімен Н.-нің талабын қанағаттандырудан бас тартылды. Апелляциялық сот алқасымен шешім өзгеріссіз қалдырылды.