Қостанай облысында ерлі-зайыпты ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасаған
Күдіктілер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қостанай облысында 1-нысанды ветеринариялық анықтамалар қолдан жасалғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс прокуратурасына сілтеме жасап.
Мал мен ет өнімдерін тасымалдауға құқық беретін жалған құжаттар ақшаға сатылған.
«Тергеу барысында Әулиекөл ауданының аумағында тұратын ерлі-зайыпты 2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы тамыз аралығында өз үйінде түрлі-түсті принтерді пайдалана отырып, кейіннен ақшалай сыйақыға сатылатын ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасағаны анықталды», - деп жазылған хабарламада.
Олардың әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігі бойынша, атап айтқанда, алдын ала сөз байласу бойынша топпен бірнеше рет жасалған ресми құжатты қолдан жасау және өткізу бойынша сараланды.
Бұл баптың санкциясы 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қаарстырады. Қылмыстық іс Әулиекөл аудандық сотына жолданды.