Алматыда ардагер спортшы өзіне тиесілі сыйақыны алу үшін сотқа жүгінуіне мәжбүр болды
Ол әлем чемпионатындағы жеңісі үшін сыйақы ала алмай келген
Халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғаған алматылық ардагер-спортшы өзіне тиесілі ақшалай сыйақыны сот арқылы жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол 2017 және 2018 жылдары Болгарияның Пловдив және Ресейдің Пермь қалаларында өткен грек-рим күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында («С» дивизионы) бірінші және екінші орын иеленген. Осы жетістіктері үшін оған 2018 жылы Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері атағы берілген.
Алайда уәкілетті орган спортшының өтінішіне талап қою мерзімі өтіп кеткенін алға тартып, ақшалай ынталандыруды төлеуден бас тартқан. Спортшы бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты іс материалдарын зерделей келе, талап қоюшы жоғары санатты спортшы екенін, оның әлем чемпионаттарына қатысуы мен жүлделі орындарға ие болуы ресми құжаттармен дәлелденгенін атап өтті. Сот салалық заңнамада Қазақстанды халықаралық ареналарда танытып, жүлделі орындарға ие болған ардагер-спортшыларға сыйақы төлеуге шектеу жоқ екенін түсіндірді.
Сонымен қатар, талап қою мерзіміне қатысты уәкілетті органның уәжі негізсіз деп танылды. Соттың айтуынша, әкімшілік тәртіппен реттелетін қатынастарда азаматтық заңнамадағы мерзімдер қолданылмайды. Бұдан бөлек, сол кезеңде қолданыста болған ережелер сыйақы төлемін сұрауға нақты мерзім белгілеп бермеген.
Нәтижесінде сот мемлекеттік органның бас тартуын заңсыз деп танып, спортшыға жүлделі орындары үшін тиесілі ақшалай сыйақыны төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар, талап қоюшыға төленген мемлекеттік бажды қайтаруды да шешті.
Апелляциялық саты соттың бұл шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.