Елімізде 24 қарашадан бастап жаңа ереже күшіне енеді
Қазақстанда 24 қарашадан бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеудің жаңа қағидалары күшіне енеді. Енді бұл қызмет тек онлайн форматта – eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
14 жасқа дейінгі балалар жеке тіркеуге тұрмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 16-бабына сәйкес, он төрт жасқа толмаған баланың тұрғылықты жері оның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің тұрғылықты жері болып саналады.
14 пен 16 жас аралығындағы балаларды ата-аналары немесе заңды өкілдері тіркейді. Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған 18 жастан асқан азаматтарды да олардың қорғаншылары eGov.kz порталы арқылы жаңа мекенжайға тіркей алады.
Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйде тұратын азаматтарға қатысты да жаңартулар енгізілді. Енді мұндай үйдің жалға алушысы шартта көрсетілген тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша тіркей алады. Егер өтініш беруші жалдау шартындағы тізімде болмаса, жүйе өтінішті автоматты түрде қайтарады.
Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйге тіркеу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда, тұрғын үй орналасқан жердегі жергілікті атқарушы органға жүгінген жөн.
Маңызды: Егер өтініш беруші өзіне тиесілі емес мекенжайға тіркелуге өтініш берсе, жүйе үй иесіне 1414 нөмірінен SMS-код жібереді. Тұрғын үйдің иесі хабарлама алынған сәттен бастап бір сағат ішінде келісімін растауы қажет.
Ерекше жағдай: меншік иелері немесе үлескерлері кәмелетке толмаған балалар, сондай-ақ сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар болып табылатын тұрғын үй мекенжайы бойынша тіркеу тек офлайн – Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізіледі.
Онлайн форматқа көшу оң статистикамен расталып отыр. 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеу қызметін шамамен 750 мың адам пайдаланды, бұл көрсетілетін қызметтердің жалпы санының 70 пайыздан астамын құрайды.