Қару асынып, бала-шағасын қорқытқан: Мақтааралда ер адам полицияның оғынан көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Түркістан облысында полиция мен ер адам арасында атыс болды

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында полицияға жергілікті тұрғыннан бұрынғы күйеуі қару асынып келіп, кішкентай балалардың көз алдында шу шығарғаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнына жеткен полицейлерді көрген ер адам қарумен үйден шығып, көрші аулада орналасқан қораға тығылған. Заңсыз әрекеттерге жол бермеу және айналадағы адамдарға қауіп төндірмеу үшін оқиға орнының аумағы қоршауға алынды.

Ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынудан бас тартып, оларға оқ жаудырған. Салдарынан бір полицей жарақат алды.

Шабуылды тойтару және қылмыстық әрекеттерді тоқтату мақсатында полиция ескерту ретінде ауаға оқ атқан. Алайда құқық бұзушы бұл ескертуді елемегендіктен, заң аясында табельдік қару қолданылған.

«Жарақат алған ер адам оқиға орнында қайтыс болды. Оқиға орнын қарау барысында тіркелмеген шолақ мылтық, оқ-дәрілер және гильзалар тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жария етілмейді», – делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.