Елордада полицейлер ірі көлемде қарызы бар ер адамның астындағы көлігін тартып алды

Автор: Асыл Арман

Ол Mitsubishi Pajero көлігінен айырылды

Фото: Астана ПД

Астанада ірі көлемде қарызы бар борышкер астындағы көлігінен айырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түскі уақытта Қабанбай батыр көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы күнделікті қызмет барысында «Mitsubishi Pajero» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлікті 45 жастағы қала тұрғыны жүргізген.

«Қорғау» деректер базасы арқылы тексеру кезінде азаматтың атына ірі көлемде берешек жинақталғаны, сондай-ақ көлікке жеке сот орындаушылары тарапынан ресми тыйым салынғаны анықталды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тыйым салынған көлікті басқарған факті бойынша материалдар жиналып, автокөлік арнайы коммуналдық айып тұрағына жеткізілді.

Полиция департаменті заманауи мониторинг жүйелері, автоматтандырылған деректер базалары және патрульдік бақылаудың күшеюі құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және тиісті шаралар қолдануға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл азаматтардың өз міндеттемелерін орындауына және жолдағы жалпы қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді», – делінген қалалық ПД хабарламасында.

Сонымен қатар, полицейлер қарыздары бар көліктерді анықтау шаралары тұрақты түрде жүргізілетінін, ал тыйым салынған автокөліктерді басқару – ауыр құқық бұзушылық екенін еске салды.