Интеллектуалды ұлт: «AMANAT CUP» пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды

Автор: Асыл Арман

Биыл сайысқа 150-ге жуық өтінім келіп түсті, олардың арасынан 60 команда іріктелді

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Астанада «AMANAT» партиясының кубогіне арналған «AMANAT CUP» XХIІI республикалық пікірсайыс турнирі мәреге жетті. «Жастар Рухы» жастар қанаты мен «Qazaq Debate» қозғалысы ұйымдастырған сайыста ел аумағындағы үздік спикерлер анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ел президенті еркін ойлы жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту ісіне әрдайым қолда қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы біздің жастар айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атап өткен еді. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Сондықтан бұл пікірсайыс – тек сөз жарысы емес, ол ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың мектебі. Түптеп келгенде, мұның бәрі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолындағы жүйелі саясаттың бір бөлігі», – деді ол.

Биыл сайысқа 150-ге жуық өтінім келіп түсті. Олардың арасынан 60 команда іріктеліп, қазақ (40 фракция) және орыс (20 фракция) командалары Британ, Америка және Линкольн-Дуглас форматтарында ойын өрнегін көрсетті.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек пікірсайысшылар арасындағы бәсеке дамып келе жатқанын жеткізді.

«Бұл пікірсайыс жастардың ойлау қабілетін, сөйлеу мәдениетін дамытуға және болашақта азаматтық белсенділігін арттыруға тың серпін береді. Осы орайда «AMANAT» партиясы жастардың таным көкжиегін кеңейту ісіне ерекше үлес қосып отыр. Белсенді жастарды қолдау қадамы әркез айрықша маңызға ие», – деді халық қалаулысы.

Ал «QAZAQ DEBATE» қозғалысының жетекшісі Ерболат Мұхамеджан сайысқа қатысушылардың ойын алдында тақырыпты жіті зерттеп, тыңғылықты дайындық жүргізуі мәселесіне тоқталды.

«Студенттік лига қатысушылары арасынан алдыңғы толқын пікірсайысшылардың орнын басатын талантты жастар шығатынына сенімдімін. Жұмыс істеп жүрген азаматтар осы лигаға қолдау білдіруі қажет. Ал студенттер турнир тақырыбын жіті зерттеп, тыңғылықты дайындықпен қатысуы керек. Сондықтан көбірек кітап оқып, сарапшылардың, саясаттанушылардың және профессорлардың пікірін ескеру маңызды. Сондай-ақ пікірсайыс кезінде логика мен дәлелді аргументтерді қолдану, эмоцияны дұрыс көрсету қажет», –  деді ол.

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – ұтымды ұсыныс айта алатын белсенді жастарға қолдау көрсету.

«AMANAT CUP» турнирі жиырма үш жылдан бері партияның қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл жобаға жүзден астам өтінім келіп түсті. Бұл – жастардың пікірсайысқа деген қызығушылығының айқын көрінісі. Қазақ және орыс лигаларымен қатар, биыл алғаш рет Студенттік лига енгізілді. Бастама студенттердің көпшілік алдында сөйлеу, ойын жүйелеу сияқты дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Белгілі блогер Яков Федоров «AMANAT» партиясы пікірсайыс қозғалысының дамуына айрықша ықпал еткенін атап өтті.

«Бірнеше жыл бұрын осы «AMANAT CUP» турниріне қатысқан едім. Сол тұста бұл сайыс жас азаматтар үшін әлеуметтік лифтке айналды. Бүгінде осы пікірсайысқа қатысқан азаматтар мемлекеттік қызмет саласында еселі еңбек етіп жүр. Демек, пікірсайыс – ойды дәлелмен жеткізуге, аргументпен жұмыс істеуге және дұрыс шешім қабылдауға үйрететін орта. Осы күні турнирлер «AMANAT» партиясының қолдауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамаларды қолдау маңызды. Себебі талантты пікірсайысшылар тек Астана мен Алматыда ғана емес, шағын қалалар мен ауылдарда да бар. Партияның қолдауы олардың дамуына жол ашып отыр», – деді ол.

Осылайша, екі күнге жалғасқан ойын нəтижесі бойынша қазақ лигасында жүлделі 1-орынды – Дильназ Бауыржанқызы және Жәкен Нұрхан (Астана және Алматы қалаларының құрамасы) иеленіп, «AMANAT» партиясының кубогін қанжығалады. Ал 2-орынға – Жансерік Жолшыбек және Алтынай Қалдыбай (Алматы қаласы), 3-орынға – Асхат Есенов пен Сапарғали Батыржан (Ақтөбе облысы) және Зарина Бозова мен Ақерке Шайқы (Батыс Қазақстан облысы) лайық деп танылды. «Үздік спикер» – Дәулет Нүркен, «Үздік төрешілер» – Бақытжан Тұрсынов және Бакира Олжас.

Бұл ретте орыс лигасында Сұлтан Сатыбалды мен Камила Құрамысова жеңімпаз атанды. Ал 2-орынды – Айгерім Айбасова пен Дінмұхаммед Сағатбеков,  3-орынды – Самат Саяқов пен Мұратбек Нұрлан және Ерұлан Мейіржан мен Аруна Найманова иеленді. Осы лигадағы барлық қатысушылар – Астана қаласының намысын қорғады. «Үздік спикер» – Дінмұхаммед Сағатбеков. «Үздік төреші» – Жібек Әкімова.

Сондай-ақ Студенттік лигада 1-орынды – Нұрқадыр Серікқазы мен Дидар Арчин (Семей қаласы), 2-орынды – Махаббат Алипчеева мен Ақерке Дарханбек (Алматы облысы), 3-орынды – Аяулым Сайлауова мен Нұртас Нұрай (Ақтөбе облысы) және Нұрханым Бермұханбет пен Жадыра Қайратова (Атырау облысы) иеленді.

Еске сала кетейік, «AMANAT CUP» турнирі аясында «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Жастар форумының Еуразия аймақтық орталығы (ICYF-ERC) бірлесіп ұйымдастырған халықаралық «Model OIC» симуляциялық ойынына 60 қатысушы іріктеліп, төрт комитет бойынша бақ сынады.

Жеңімпаздар: Орталық Азия мен Кавказдағы геосаяси және қауіпсіздік сын-қатерлері комитеті – Рустам Таисынов («Best position paper»), Дінмұхамед Омаров («Best speaker»), Жанерке Маратқызы («Best delegate»); Экономикалық және көлік интеграциясы комитеті – Дания Берікқызы («Best speaker»), Камила Мұхтарова («Best delegate»), Шыңғыс Шайкенов («Best position paper»); Әлеуметтік-экономикалық даму және тұрақты өсім комитеті – Қажат Шәнті («Best delegate»), Санжар Қойшыбек («Best position paper»), Ақбота Нығметолла («Best speaker»); Адам құқықтары, азаматтық қатысу және қақтығыстарды реттеу комитеті – Айкүнім Жұбан («Best delegate»), Айдана Қаумет («Best position paper»), Иссабек Абдуллазиз («Best speaker»).