«Бұл әдейі істелінеді»: Омар Жәлел тойда асабалардың қандай қулық жасайтынын айтты

Автор: Алмас Ерсін

Ол қазіргі тойларға көңілі толмайтынын ашық айтты

Фото: @omarjaleluly_official_page

Белгілі абайтанушы Омар Жәлел қазіргі тойларда қонақтарды өзіне қарату үшін автократиялық, тоталитарлық әдіс қолданылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«20-ғасырда палатқада өткен тойлар әлдеқайда мағыналы болатын. Өйткені қонақтардың тойдан қарны ғана емес, көңілі тойып қайтатын. Халықтың тойы еді. Кәдімгідей ол тойға дайындалатын. Ешқандай әнші шақырылмайтын. Арнайы асаба да болмайтын. Сол ауылдың жігіті басқара береді. Халық керемет демалып қайтатын. Ән айтып, ішіндегі шерін шығаратын. Көңілін емдейтін», - деп бастады әңімесін Омар Жәлел.

Ол қазіргі тойларға көңілі толмайтынын атап өтті. Айтуынша, музыканы қатты қоятыны соншалық, қасыңдағы адаммен де сөйлесе алмайсың.

«Бұл әдейі істелінеді. Жаппай психозға шалдықтыруды көздейді. Сен сол жердегі ахуалдан шықпауың керек. Адамдарға сөйлесуге мұрша берілмейді. Барлығы той басқарушының аузына қарап отыру керек. Соның ыңғайымен жүріп-тұрып, ығына жығылу керек. Бұл тойдағы автократиялық, тоталитарлық әдіс қой», - деп түйіндеді абайтанушы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Омар Жәлел күнде тойға баратын қазақтарды сынға алған болатын. Омар Жәлел апталап тойда жүруді өте қауіпті тенденция деп санайды. Айтуынша, көрші елдер кәсіппен айналысып, уақытын тойға жібермейді.

 «Бізде аптаның жеті күні той. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі... Бармайын десе, көпшілік туыстық қатынасты алға тартып, ұят деген сезіммен қинайды. Кәсіпкер адамдар тойға бармайды. Кәсіптің ең үлкені – ғылым. Кезінде Қаныш Сәтбаев ешқашан тойға бармаған», - деді Омар Жәлел.

Оқи отырыңыз: