Алматы қаласының тұрғындарына жылу үшін артық төлем заңсыз қосылғаны анықталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қызмет құнын бекіткен кезде 10 пайыз мөлшерінде пайда көлемі енгізілгені анықталды

Фото: istockphoto.com

Алматы тұрғындарына жылумен қамту қызметтерінің бірі үшін негізсіз төлем қосылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы қалалық департаменті «Алматы жылу желісі» ЖШС-нің (АлТС) әрекеттерінде монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтаған. Бұл заңбұзушылықтар жылу энергиясын тұтынушылардың белгісіз тобының құқықтарын шектеген.

«Табиғи монополия субъектісі АлЖЖ жылу энергиясына қайта қосу қызметінің құнын бекіткен кезде 10 пайыз мөлшерінде пайда көлемін енгізгені анықталды. Алайда, жылу энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, тұтынушыларды жылуға қайта қосу кезінде табиғи монополия субъектісінің пайда табуы көзделмеген», – деп хабарлады агенттік.

АлЖЖ-ға бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері туралы арнайы хабарлама жолданған.

«Қазіргі таңда хабарлама орындалды. Монополистің пайдасын алып тастау арқылы алматылықтар үшін жылуға қайта қосу құны 10 пайызға төмендетілді», – деді агенттік.