«Қазақстан үшін аса маңызды»: Тоқаев «Росатомның» қатысуымен салынып жатқан АЭС туралы айтты
Атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие, дейді президент
Қазақстан «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен бірінші атом электр стансасының құрылысына кірісті. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, технологиялық әрі ғылыми тұрғыдан күрделі бұл жобаны табысты жүзеге асыру жоғары санатты кәсіби мамандарға тікелей байланысты.
АЭС құрылысына алты мыңға жуық жұмысшы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады.
«Сонымен қатар бейінді мамандарға сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие.
Біз бұл мәселені шешуде ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының ашылуы – соның айқын дәлелі», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.