Жамбыл облысында қоғамдық бірлестік әкімдікті сотқа беріп, жеңіп шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жамбыл облысында сот сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша әлеуметтік тапсырыс конкурсының нәтижесін заңсыз деп таныды

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында сот қоғамдық бірлестіктің талабын қанағаттандырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі әлеуметтік тапсырысты орындау конкурсының нәтижесін заңсыз деп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қоғамдық бірлестік аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарсы талап арыз түсірген. Себебі ол 1,3 миллион теңге сомасындағы лот бойынша конкурс нәтижесіне келіспеген. Конкурстың мәні – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында іс-шаралар ұйымдастыру қызметтерін көрсету болған.

«Бастапқыда, 2025 жылдың сәуірінде, конкурс жеңімпазы ретінде талапкер танылған. Алайда басқа қатысушы «А» қоғамдық бірлестігінің шағымынан кейін нәтижелер қайта қаралып, 2025 жылдың мамырында жеңімпаз болып «А» танылды.

Талапкер конкурс комиссиясы нәтижелерді қайта есептеу кезінде ұпайларды қате есептегенін айтып, өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінді», — делінген хабарламада.

Сот істі қарау барысында комиссияның бағалау кезінде бірқатар критерий бойынша ұпайларды дұрыс есептемегенін анықтады. Атап айтқанда, «А.» қоғамдық бірлестігінің жұмыс өтілі 5 жылды құрайтыны және бұл көрсеткіш 7 емес, 6 балға тең екені анықталды. Осындай бұзушылықтар өзге де критерийлер бойынша тіркелген.

«Сот талапкердің уәждерін негізді деп танып, әкімшілік талапты қанағаттандырды. Конкурс қорытындысының хаттамасы заңсыз деп танылып, күшін жойды. Сондай-ақ талапкерге артық төленген мемлекеттік баж сомасы бюджеттен қайтарылды», — деп хабарлады сотта.

Шешім заңды күшіне енді.