Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлығы 48 полиция қызметкері тартылды
Көкшетау қаласы толықтай бағдаршамсыз қалды. Осыған байланысты 48 патрульші қиылыстарға шығып, көліктерге бағыт-бағдар берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Көкшетауда патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысын реттеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Техникалық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты қаланың 36 қиылысында бағдаршамдар уақытша сөндірілді, бұл құқық қорғау органдарының қосымша бақылауын қажет етті.
Аталған учаскелерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлығы 48 полиция қызметкері тартылды.
«Қозғалысты реттеу тек қиылыста тұрып, таяқшаны сермеу емес. Бұл ондаған адамның қауіпсіздігі үшін жауапкершілік. Ең бастысы-зейінді, сенімділік пен тыныштықты сақтау», - деп атап өтті аға лейтенант Алмас Майжан.
Патрульдік полиция қызметкерлері Көкшетау қаласында жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ете отырып, қызмет атқаруды жалғастыруда.