«Моланың жанына апарып ұрған»: Түркістанда мектеп оқушысын сыныптастары жабылып өлтірді

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға 3 қараша күні болды

Фото: istockphoto.com

Түркістан қаласында мектеп оқушысын сыныптасы ұрып өлтіргені туралы ақпарат тарады. Облыстық Полиция департаменті қайғылы оқиғаны растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сыныптастары оны моланың жанына алып барып, жабылып ұрған. Марқұмның ағасы адам шошырлық, сұмдық жайттарды егжей-тегжейлі баяндап шықты:

«Олар төртеу еді. Кезекпен екі рет айналып шығып ұрған, сегіз соққы жасады. Соққының бәрі жүрек тұсына тиген. Жүрегі тоқтағанша ұра берген. Соққыларды көтере алмай, жүрегі жарылып кеткен. Ұйқы безі де жаншылып, жарылып кеткен. Ол сол сәтте-ақ тіл тартпай кетті. Ал бізді оның жай есінен танып қалғанын айтып, сендірмек болды. Мен жүгіріп жеткенде, інім шамамен қырық минут бұрын жан тапсырған», – дейді марқұмның ағасы.

Туыстарының айтуынша, олар соңғы бірнеше ай бойы баланы қорқытып, ақша бопсалап жүрген. 9-сынып оқушысы әкесіз өскен, физикаға қызығып, болашақта ҰҚК-да жұмыс істеуді армандаған.

Полицияның мәліметінше, 3 қараша күні Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Оқушының қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы барлық қажетті іс-шаралар кешенін жүргізді. Алдын ала мәлімет бойынша тоғызыншы сынып оқушысы сыныптасының кеуде тұсынан ұрған. Соққы алған оқушы сол жерде қайтыс болған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні, сондай-ақ оқиға кезінде қатысқандардың барлығын ізін суытпай ұстады. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды», – делінген Түркістан облыстық Полиция департаментінің агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.

Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді.

Сонымен қатар ювеналды полиция қызметкерлері болашақта осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.