Шымкентте балаларына алимент төлемеген әке түрмеге қамалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оның балаларына төлемеген алименті 4 млн теңгеге жеткен

Фото: istockphoto.com

Шымкент қаласында алимент бойынша төрт миллион теңге қарызы бар әке алты айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, борышкер – Қаратау ауданының тұрғыны. Ол Қылмыстық кодекстің «Балаларды асырауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-ананы немесе жұбайын (зайыбын) күтіп-бағудан жалтару» бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.

«Биыл прокуратураның бастамасымен алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты ҚК-нің 139-бабы бойынша 38 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Олардың барлығы бойынша сот үкімдері шықты. Бұл республикада осы бап бойынша сотқа жіберілген қылмыстық істердің 9 пайызын құрайды», – делінген Шымкент қаласы прокуратурасының хабарламасында.

Прокуратура алиментті уақытында төлемеген жағдайда екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін ескертеді.

Жыл басынан бері Шымкентте алимент төлемегені үшін 324 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 208-і әкімшілік қамауға алынса, қалғандары айыппұл төлеген.

Бұған дейін прокуратура 7 миллион теңгеден астам қарызы бар борышкерге қатысты қылмыстық істі хабарлаған болатын. Ол да алты айға бас бостандығынан айырылған.