Цунами болуы мүмкін: Жапонияда 6,7 баллдық жер сілкінісі болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Метеорологиялық қызмет Жапония халқына ескерту жасады

Фото: pixabay.com

Жапонияның солтүстік-шығысында таңғы уақытта магнитудасы 6,7 баллдық жер сілкінісі болып, бірнеше префектураның тұрғындарына сезілді. Жерасты дүмпулерінен кейін Жапония метеорологиялық агенттігі Иватэ префектурасы жағалауында биіктігі бір метрге дейін жететін цунами болуы мүмкін деп ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Билік жергілікті тұрғындарды шұғыл түрде жағалау маңынан алыс жүруге және ескерту белгісі тоқтағанға дейін теңізге жақындамауға шақырды.

«Мұхит маңында жүргендердің барлығы дереу кетіп, жағалаудан алыс жүруі тиіс», – деді агенттіктің жер сілкінісі мен цунамиге қарсы шаралар жоспары үшін жауапты өкілі Синдзи Кёмото.

Сейсмологтардың дерегінше, жер сілкінісінің эпицентрі Тынық мұхитының жағалауынан шамамен 70 шақырым шығыста, 10 шақырым тереңдікте орналасқан.

Жерасты дүмпуі шамамен 30 секундқа созылды, ал жағалауға жақын аудандардың тұрғындары ғимараттар мен электр желілері айтарлықтай шайқалғанын хабарлады.