СҚО-да жол бөлігі бүлініп, көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жолдың бұзылуына ауа райының қолайсыздығы мен жүк көліктерінің көптігі себеп болған

Фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында «Тимирязево – Сарыкөл – облыс шекарасы» тасжолының 0-30 шақырым аралығында көлік қозғалысы уақытша шектелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мекеменің мәліметінше, жол жабыны қатты жауын-шашын мен ауыр жүк көліктерінің белсенді қозғалысы салдарынан бүлінген.

Осыған байланысты 9 қараша күні сағат 11:00-ден бастап барлық көлік түрлеріне қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.

Баламалы бағыттар ұсынылды

Жүргізушілер үшін айналма бағыттар ұйымдастырылған:

  • KAZ03 «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай (айналып өтумен) – РФ шекарасы (Қайрақ өткізу пункті)» – 553–768 км;
  • KAZ13 «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» – 673–786 км;
  • KZ15-05 «Волошинка – Сергеевка – Тимирязево» – 56–119 км.

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Компанияның хабарлауынша, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары басталған.

Қозғалысты 11 қараша сағат 11:00-де қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«ҚазАвтоЖол» жол жағдайына бейқам қарамауды және ауа райы нашарлаған кезде алыс сапарға шықпауға кеңес береді.