$ 526.02  607.55  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада «TURGYNDAR AMANATY» жобасының фронт-офисі ашылды

Жоба көппәтерлі үйлер мен аулаларды басқарудың жаңа сапалы моделін енгізуге бағытталған

Астанада «TURGYNDAR AMANATY» жобасының фронт-офисі ашылды
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Қала көркі әр тұрғынның өз үйі мен ауласына деген жеке жауапкершілігінен басталады. Ауладағы жарық шамдар, айналадағы тәртіп пен тазалық – мұның бәрі тұрғындардың өмір сапасын айқындайтын факторлар. Осындай қарапайым, бірақ маңызды мәселелерді жүйелі шешу үшін «AMANAT» партиясы елордада «TURGYNDAR AMANATY» жобасының фронт-офисін ашты. Бұл бастама арқылы енді астаналықтар осындай үдерістердің жай бақылаушысы емес, тікелей қатысушысы бола алады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы жүзеге асырып отырған «TURGYNDAR AMANATY» жобасының фронт-офисі ашылды. Жоба көппәтерлі үйлер мен аулаларды басқарудың жаңа сапалы моделін енгізуге бағытталған. Бұл – партияның сайлауалды уәделерін жүйелі орындауының жалғасы. Осы жылдың шілдесінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары әзірлеген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заңға қол қойған болатын.

Нормативтік-құқықтық негіз қалыптасқандықтан, ендігі маңызды міндет – мүлік иелері бірлестігі (МИБ) төрағаларына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлеріне және көпқабатты үй тұрғындарына нақты қолдау көрсету. Осы мақсатта елордада «TURGYNDAR AMANATY» жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Жоба заманауи, қауіпсіз және ашық орта қалыптастыруды көздейді.

Партия хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, соңғы екі жылда партияның сайлауалды бағдарламасы аясында елордада 22 мектеп және Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір салынды. Сондай-ақ 3,5 мыңнан астам жеке үй газға қосылып, қоғамдық көлік паркі 700 жаңа автобуспен толықты. Оның айтуынша, қаланы дамыту тек инфрақұрылыммен шектелмеуі тиіс, басты мақсат – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды тапсырды. Бұл реформалар әр тұрғынның өмір сапасына тікелей әсер етеді. Президент белгілеген міндеттер «TURGYNDAR AMANATY» жобасында көрініс тапқан. Партия тұрғындарға өз үйі мен ауласының жағдайына тікелей ықпал етуге мүмкіндік беретін құралды ұсынып отыр. Біз МИБ төрағаларына қолдау көрсетіп, тұрғындар, коммуналдық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдар арасында тікелей диалог орнатуға жағдай жасаймыз», – деді Ержан Жылқыбаев.

«AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, көптеген МИБ төрағаларына ортақ мүлікті ашық әрі тиімді басқаруға қажетті білім мен құралдар жетіспейді. Сол себепті жоба аясында «OSIskills» атты тәжірибелік семинарлар өткізу, тұрғындардың нақты бастамаларын қолдау және барлық деңгейдегі депутаттармен тұрақты кері байланыс жүйесін қалыптастыру қарастырылған.

«Көп жылдар бойы адамдар өздерінің жарналары қайда жұмсалатынын және шешімдерді кім қабылдайтынын білмей келді. Аулада орындықтың, автотұрақтың немесе қоқыс жәшігінің болуы – әрбір тұрғынның қатысуымен қабылданатын шешім болуы тиіс. Біз оқу курстарын барша қала тұрғындары үшін, ең алдымен, МИБ төрағалары үшін тегін өткіземіз. Сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі чат-боттар іске қосылады, олар жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, тұрғындарға көмек көрсетеді», – деді ол.

Бүгінде Астанада 3300-ден астам көппәтерлі үй бар, олардың 3020-сы мүлік иелері бірлестіктері құрамында жұмыс істейді.

«TURGYNDAR AMANATY» жобасы бойынша оқуға жазылу үшін +7 (7172) 36-19-45 телефоны арқылы немесе Астана қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 3 мекенжайы бойынша хабарласуға болады.

Серіктес жаңалықтары