Маңғыстау облысында қой бағып жүрген шопанның мотоциклін полицейлер алып кетті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оның мотоциклі айып тұрағына жеткізілді

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы трассада полицейлер мемлекеттік нөмірі жоқ мотоциклмен жүрген шопанды тоқтатты. Аймақтың полиция департаментінің мәліметінше, мотоцикл айып тұрағына жеткізілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

2 қарашаға қараған түні Жаңаөзен-Жетібай тасжолында адам өлімімен аяқталған жол апатынан кейін жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде, 4 қараша күні тіркелген.

Патрульдік экипаж трасса бойында мотоцикл мінген ер адамды байқап, тексеру жүргізген. Нәтижесінде көлік тіркелмегені және есепте тұрмағаны анықталған.

Мотоцикл тәркіленіп, айып тұрағына қойылды. Шопанға көлікті тіркеу тәртібі түсіндіріліп, профилактикалық әңгіме өткізілді. Құжаттар рәсімделгеннен кейін ол мотоциклін қайта ала алады.

Маңғыстау облысы Полиция департаменті мұндай рейдтердің жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтың алдын алу және өңір жолдарында апат санын азайту мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, 2 қарашаға қараған түні Жаңаөзен-Жетібай тасжолында Mercedes пен мотоцикл соқтығысып, екі адам қаза тапқан еді.