Мәжілісмен заң жобаларын қолдайтынын айтты
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының бірінші оқылымында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен осы заң жобаларын қолдаймын. Бүгінгі банк заңнамасының реформалары – соңғы жылдары қабылданған қаржы секторын дамыту бойынша кешенді шаралардың жалғасы. Қарастырылып отырған жаңа заңда нарыққа жаңа қатысушылардың келуі үшін жағдай жасау, бәсекелестікті арттыру, цифрлық қаржылық технологияларды дамыту және банктердің экономиканы қаржыландыруға қатысуы көзделеді», – деді депутат.
Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, заң жобасында базалық лицензияны енгізу арқылы банк нарығына қол жеткізуді жеңілдету қарастырылған.
«Бұл – прогрессивті қадам. Қазір көптеген ірі микроқаржы ұйымдары жеткілікті капитал жинап, аймақтық банкке айналып, шағын және орта бизнеске несие бере алады. Қаржылық ойыншылар көбейген сайын бәсекелестік те артады, ал бұл өз кезегінде экономиканы несиелендіруге оң әсер етеді. Реттеуші тарапынан банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтарға ұсынатын қаржылық қызметтердің сапасына толық бақылау енгізіледі», – деді ол.
Депутат халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне де тоқталды.
«Бүгінгі таңда қарыз алушының қаржылық мінез-құлқына тәрбиесі, білімі мен материалдық жағдайы тікелей әсер етеді. Жаңа нормалар бойынша қаржы ұйымдары несие бермес бұрын клиентті мұқият тексеріп, тәуекелдерді алдын ала анықтауға міндетті. Жарнамалар арқылы қосымша қаржы өнімдерін шектен тыс ұсынуға жол берілмейді. Банктер комиссия мен төлемдерді қоса алғанда, қаржылық өнімдер туралы толық ақпаратты ашып көрсетуі тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар депутат мінез-құлықты қадағалау жүйесін енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Бұл – банктерді тек пайда мен тұрақтылық тұрғысынан ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан да бағалаудағы маңызды қадам», – деді Берік Бейсенғалиев.
Оның айтуынша, соңғы жылдары интернет-алаяқтықпен күрес бағытында бірқатар маңызды шара қабылданған.
«VIII шақырылымның екі жылдық жұмысы ішінде азаматтардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында екі ірі заң қабылданды. Біріншіден, банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие беру кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізілді.
Екіншіден, кепілсіз несие алуға өтініш берген қарыз алушы банкке алғаш рет жеке келіп, өзі рәсімдеуге міндеттелді», – деді депутат.
Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтарды алаяқтардан қорғау мақсатында жаңа талап енгізілген.
«Электрондық үкімет арқылы берілетін кепілсіз несиелер кезінде олардың жазбаша келісімі міндетті болады. Бұған қоса, 24 сағаттық «салқындату» кезеңі белгіленді. Бұл азаматтарға алаяқтардың құрбаны болған жағдайда несиеден еш салдарсыз бас тартуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ол.
Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, енді банктер мен микроқаржы ұйымдары заң бұзылған жағдайда, яғни биометриялық сәйкестендіру жүргізілмеген немесе азамат несиеден өз еркімен бас тартқан кезде, несиені сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруға міндетті. Бұл норма 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енді.
«Қазірдің өзінде реттеуші органдар алаяқтық несиелердің өсу қарқынының төмендегенін айтып отыр. Бұған дейін онлайн несие беру саласында нақты реттеу болмауы – алаяқтықтың көбеюіне себеп болған еді. Дегенмен қабылданған шаралардың арқасында осы жылдың соңына дейін оң нәтижелерді көреміз деп сенемін.
Қорытындылай келе, тағы да атап өткім келеді: жаңа заң банк жүйесін нығайтуға және бәсекеге қабілетті болуына, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған», – деді Берік Бейсенғалиев.