Қазр осыған қатысты тексеру жүріп жатыр
Астанада ішімдікке сылқия тойған судьяның көлік жүргізіп бара жатқан жерінен ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Осыған байланысты елордалық сот түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан Республикасының судьялары сот төрелігін жүзеге асыру кезінде олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін ерекше құқықтық мәртебеге ие. Алайда бұл мәртебе оларды құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктен босатпайды.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар Ішкі істер министрлігімен Бас прокуратураға жолданды. Бас прокуратура қолданыстағы тәртіпке сәйкес судьяны жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін Жоғары Сот Кеңесіне ұсыныс енгізеді.
Тәртіптік жауапкершілікке тарту, сондай-ақ судьяларды іріктеу, тағайындау және қызметтен босату мәселелері дербес мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің құзыретіне жатады», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Белгілі болғандай, барлық қажетті тексеру уәкілетті органдармен заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі заңдылық, әділдік және лауазымына не мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтардың заң алдында теңдігі қағидаттарын әрдайым ұстанады.
Судья тарапынан заң мен қызметтік міндеттерін бұзу фактісі заң талаптарына сәйкес тиісті құқықтық баға мен салдарынсыз қалмайды», – деп түсіндірді Астана соты.