Ақмола облысында төрт көлік соқтығысып қалды: полицейлер жүргізушілерге ескерту жасады
Полиция департаментінің мәліметінше, құрбан болғандар жоқ, тек көлік құралдары зақымданған
Ақмола полицейлері жүргізушілерге жолда, әсіресе қолайсыз ауа райы жағдайында қашықтықты сақтау қажеттігін ескертеді. Өткен түнде «Астана-Петропавл» автожолында 4 автокөлік бір-бірімен соғылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, құрбан болғандар жоқ, тек көлік құралдары зақымданған.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің ақпараты бойынша, «Тойота Карина Е» маркалы автокөлігінің жүргізушісі қашықтықты сақтамай, Астана қаласы бағытында жүріп келе жатқан «Шевроле Нива» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасына «Киа Рио» мен «БМВ X5» маркалы тағы екі автокөлік ұшырады.
Шетелдік көлік жүргізушілеріне қатысты полицейлер әкімшілік хаттамалар жасап, профилактикалық әңгімелер жүргізді.
«Ауа райының нашарлауына байланысты патрульдік полиция бөлімшелерінің жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген режиміне ауыстырылды.
Полицейлер жүргізушілерден жолдарда өте мұқият болуды және көлік құралдары арасындағы қауіпсіз қашықтықты қатаң сақтауды сұрайды.
Жүргізушілер жылдамдықты алдын ала төмендетіп, кенеттен маневр жасаудан аулақ болып, белгіленген жол ережелерін сақтауы қажет», – деп ескертті полицейлер.