Қазақстанда жасөспірімдер арасында есірткі қылмысы ушығып тұр: 60-тан астам бозбала ұсталды

Автор: Асыл Арман

Ұсталғандардың арасында қыз балалар да бар

Фото: Видеодан скрин

ІІМ мәліметінше, республика бойынша 60-тан астам жасөспірім есірткі таратумен және сақтаумен байланысты істер бойынша ұсталған. Олардың арасында колледж студенттері де бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып, кәмелетке толмағандарды есірткі ортасына тарту фактілерін азайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Осы бағытта шамамен 17 мыңға жуық есірткіге қарсы іс-шара өткізілді, бұл шаралар 2 миллионнан астам жасөспірім мен жастарды қамтыды.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, есірткі құралдарын тарату кезінде ұсталған кәмелетке толмағандардың саны өскені байқалады. Мысалы, Абай облысында полиция қызметкерлері колледждің бірінші курс студенті, кәмелетке толмаған қызды психотроптық заттарды аса ірі көлемде заңсыз сақтағаны үшін ұстады. Тінту барысында одан 16 грамм синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді.

Шығыс Қазақстан облысында тағы бір кәмелетке толмаған жас жігіт ұсталды. Ол Алматы қаласында тұрып, Өскемен қаласына ұшып барып, бір ай бойы интернет-дүкен арқылы тыйым салынған заттарды жеткізуші ретінде жұмыс істеген. Ұстау кезінде одан α-PVP тобына жататын 3 грамм синтетикалық есірткі алынды.

Бүгінгі күні республика бойынша есірткінің заңсыз айналымына тартылған 60-тан астам кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Ішкі істер министрлігі ата-аналарды өз балаларының кіммен араласатынына, қандай әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатынына ерекше назар аударуға шақырады. Кей жағдайларда мұндай ресурстар «қашықтан жұмыс» немесе «жеңіл табыс» түрінде ұсынылып, шын мәнінде заңсыз әрекеттерге тартудың құралына айналып отыр.

ІІМ мынандай ескерту жасады:

  • есірткі және психотроптық заттарды сатумен айналысқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, ол тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қамтуы мүмкін;
  • алдағы уақытта кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық әрекеттеріне ата-аналардың салғырт қарауы әсер еткені анықталған жағдайда, ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жоспарланып отыр.