Қауіпсіздік қызметі бір айда 75 қару контрабандасын әшкереледі
Шекара режимін бұзған 4 743 адам ұсталған
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 2025 жылғы қазан айының қорытындысын жариялады. Ведомство мәліметінше, бір ай ішінде 75 қару мен оқ-дәріні заңсыз өткізу әрекеті тоқтатылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шекарада қару мен оқ-дәрі тәркіленді
ҰҚК деректеріне сәйкес, қару-жарақ, оқ-дәрі және олардың бөлшектерін елге заңсыз кіргізу әрекеттері жиілеген.
Шекарашылар 13 дана АК-74 автоматының макетін, 258 суық қаруды, сондай-ақ 2,8 мыңнан астам атыс қаруына арналған қосалқы бөлшектерді тәркілеген.
«Тәркіленген заттардың қатарында жауынгерлік, травматикалық және суық қарулар бар. Барлық материалдар тергеу органдарына жолданды», — делінген ҰҚК хабарламасында.
Контрабанда мен заңсыз жүк тасымалы
Қазан айында барлығы 1 708 заңсыз тасымал дерегі анықталған.
Оның ішінде: 14 млн теңге көлеміндегі жанармай, 4,2 млрд теңгеге жуық халық тұтынатын тауарлар, 2,5 млрд теңге көлеміндегі шетел валютасы заңсыз әкелінбек болған.
Шекара режимін бұзған 4 743 адам ұсталған, оның 4 077-і — шетел азаматтары.
Каспийдегі браконьерлікке соққы
Каспий теңізінде 106 заңсыз балық аулау дерегі тіркелген.
Нәтижесінде 24 қайық, 136 шақырым ау, 496 бекіре тұқымдас балық (жалпы салмағы шамамен 3 тонна) және Қызыл кітапқа енген 4 итбалық тәркіленген.
Мамандардың есебінше, табиғатқа келтірілуі мүмкін залалдың жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеден асады.
Шекара бекеттеріндегі жағдай
ҰҚК мәліметінше, ел аумағында қосымша шектеулер енгізілмеген.
Алайда «Сырым», «Әлімбет» және «Қосақ» өткізу бекеттерінде жүргізіліп жатқан реконструкциялық жұмыстарға байланысты уақытша кідірістер болуы мүмкін.