«Халықтың сүйіктісі – 2025»: негізгі номинаттардың есімдері белгілі болды
Үміткерлер арасында депутат Асхат Аймағамбетов те бар
Елімізде дәстүрлі түрде өтетін «Жыл үздіктері – 2025» ұлттық байқауының негізгі номинациялары мен үміткерлері белгілі болды. Байқау аясында ғылым, мәдениет, спорт, білім, медицина және қоғамдық қызмет салаларында елеулі еңбек еткен тұлғалар марапатталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Биылғы байқау қоғамның әр саласында айрықша жетістікке жеткен, өз ісінің үздігі атанған азаматтарды қамтып отыр.
«Жылдың үздік мұғалімі» номинациясына Түркістан, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының үздік педагогтері ұсынылған. Олардың қатарында – Болат Аманқұлов, Марат Қаниев, Салтанат Ширимбекова және Жанат Есенгелдинов бар.
«Жылдың үздік ғалымы» атағына археология, биология және аграрлық экономика саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар – Анатолий Плешаков, Анар Бельгибаева, Аралбай Нұғман және Күнсұлу Закарья үміткер атанды.
«Жылдың үздік дәрігері» номинациясында отандық медицина саласында жоғары кәсібилігімен танылған мамандар – Индира Сарыбаева, Раушан Карабаева, Мынжылқы Бердіходжаев және Елена Цхай бар.
«Жылдың мәдени жобасы» аталымында отандық мәдениетті дамытуға бағытталған бастамалар бағаланбақ. Үміткерлер қатарында Бақыт Рүстемовтің «Әдеби Азия – 2025» жобасы, Шәкен Тұрардың «Киелі кимешек» көрмесі, Майя Бекбаеваның «Жошы хан. Ұлы ұлыстың иесі» фильмі және СҚО-дағы «Ботай» мемориалы бар.
«Жылдың үздік тележүргізушісі» атағына танымал тележүздер – Ерқанат Көпжасар, Молдияр Ергибеков, Арайлым Шытырымбек және Сағыныш Әбікей үміткер.
«Жылдың үздік спортшысы» номинациясында 2025 жылғы әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері – Наталья Богданова, Төрехан Сабырхан, Назым Қызайбай және Денис Никиша бар.
«Жылдың үздік параспортшысы» ретінде Тұрсынай Қабыл, Давид Дегтярев, Еркін Габбасов және Қуаныш Аскарбеков ұсынылды.
«Жылдың үздік парламентарийі» аталымына Мәулен Әшімбаев, Бақытжан Базарбек, Үнзила Шапақ және Әділ Жұбанов енді.
«Жылдың үздік қоғам қайраткері» номинациясында ел дамуына үлес қосып жүрген белсенділер – Рафаэль Гасанов, Зауреш Батталова, Бану Нұрғазиева және Динара Құдайқұлова бар.
«Жылдың жастар көшбасшысы» атағына ел жастарының әлеуметтік және азаматтық белсенділігін арттыруға үлес қосқан жастар – «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешев, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Астана қаласы филиалының төрағасы Арсланбек Мақзұмов, Илья Сухоносенко және Дастан Ермеков үміткер.
Ал «Жылдың медиа тұлғасы» номинациясына қоғам мен ақпарат саласында белсенділік танытқан Гүлнар Бажкенова, Асхат Аймағамбетов, Ринат Зайытов және Иван Сауэр енді.
Байқау қорытындысы жыл соңында жарияланып, жеңімпаздарға арнайы «Жыл үздігі» мәртебесі мен марапат табысталады.