$ 530.07  615.2  6.58
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодар облысында елік атқан төрт адам бірнеше жылға сотталып кетті

Алайда олар рақымшылыққа байланысты негізгі жазадан және пробациялық бақылаудан босатылды

Павлодар облысында елік атқан төрт адам бірнеше жылға сотталып кетті
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында сібір елігін заңсыз аулаған төрт тұрғын соттан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот материалына сәйкес, Павлодар қаласының төрт тұрғыны алдын ала сөз байласып, топ болып заңсыз аңшылық жасаған.

«Төрт ер адам жабайы жануарларды атуға арнайы рұқсатсыз Аққулы ауданының аң аулауға тыйым салынған аумағында алдын ала дайындалып шыққан. Олар өздерімен бірге бір дана тіркелген тегіс ұңғылы қару және тіркелмеген қосауыз мылтық (12 калибр) алып жүрген. Бұған дейін сібір елігін көргенін айтып, бағыт сілтеген И. есімді азаматтың көрсетуімен олар Аққулы ауданының Тереңкөл ауылы маңындағы дала жазығына барған.

Бағыт бойынша жүру барысында олар қашып бара жатқан сібір елігінің аталығын байқап, қуалап, оқ атқан. Нәтижесінде жабайы жануар өлді», – делінген сот материалында.

Айыпталушылардың әрекеті нәтижесінде мемлекетке «Ертіс орманы» мекемесі арқылы 1 384 500 теңге көлемінде материалдық залал келген.

Сот барлық төрт азаматты кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеу және 3 жылға дейін аңшылықпен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындады.

Алайда Конституция күніне орай жарияланған рақымшылыққа байланысты олар негізгі жазадан және пробациялық бақылаудан босатылды. Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары