$ 530.07  615.2  6.58
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Экс-әйелін 19 жерінен пышақтап, артынша інісін де өлтірмек болған: БҚО-да жантүршігерлік оқиға болды

Бұрынғы жұбайын өлтірген ер адамның ісі сотта қаралып жатыр

Экс-әйелін 19 жерінен пышақтап, артынша інісін де өлтірмек болған: БҚО-да жантүршігерлік оқиға болды
Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы әйелін өлтірген Сырымбек Сайлауовқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Қылмыс қалай болды

Айыптау актісінде көрсетілгендей, сотталушы ерекше қатыгездікпен бұрынғы жұбайын өлтіріп, артынша туған інісін де өлтіруге оқталған. Іс алқабилердің қатысуымен қаралуда.

Айыптау тарапының мәліметінше, оқиға кезінде ерлі-зайыптылар бөлек тұрған. Олардың кәмелетке толмаған екі баласы бар. Үлкені сол күні әжесінің үйінде қалыпты. Бұған дейін Сайлауовқа әйеліне жақындауға тыйым салатын қорғаныс нұсқамасы берілген. Айта кетерлігі, үйдің өзі Сайлауовтың атына тіркелген.

27 мамыр күні Сырымбек Сайлауов бұрынғы әйелі балаларымен тұратын үйге келген. Терезеден ол әйелін туған інісімен бірге жатын бөлмеде көрген.

«Сотталушы болған жайтты көрген сәттен бастап қызғанышқа булыққан. Ашық тұрған терезеден ішке кіріп, інісінің басынан екі рет ұрған. Ал оянып кеткен әйеліне 19 рет пышақ сұғып алған. Пышақ негізінен адам өмірі үшін тікелей маңызды ағзаларға сұғылған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Кейін ол үйден қашып шыққан інісінің артынан қуып, оның кеудесіне пышақ сұққан. Алайда інісі аман қалып, қашып үлгерген», – деді прокурор сотта.

Қорғаушының уәжі

Сот-медициналық психиатриялық сараптама Сайлауов қылмыс кезінде аффект күйінде болмаған деген қорытынды шығарған. Алайда сотталушының адвокаты Жомарт Ерназаров бұл шешіммен келіспейді.

«Бұл өте ауыр жағдай. Ол өз әйелін туған інісімен бірге жатқанын көрді – бұл екі жақты сатқындық. Біз оның аффект жағдайында болғанын айтып отырмыз. Менің қорғауымдағы азамат тек қазақ тілінде сөйлейді, ал сараптама оған аудармашысыз орыс тілінде жүргізілген. Бұл қалай? Тәуелсіз елде отырып, неге қазақ тілін білетін сарапшылар жоқ? Оның үстіне уақытша есеңгіреу жағдайы болған. Ал інісіне келсек, оның жарақаттары жеңіл деп бағаланған. Біз сараптамамен де, айыптаумен де келіспейміз», – деді адвокат.

Жәбірленуші тарап не дейді

Марқұмның әпкесі сотта сөйлеп, айыпталушыға ең қатаң жаза беруді сұрады.

«Ол тірі отыр, ал менің әпкем – оның үш баласының анасы – оның қолынан қаза тапты. Пышақ өте ұзын болған, әпкемнің денесін тіліп өткен. Барлық ішкі мүшесі зақымданған», – деді ол.

Сотталушының сөзі

Өз кезегінде Сырымбек Сайлауов істеген ісіне өкінетінін айтты.

«Мен мұндай болады деп ойлаған жоқпын. Отбасым үшін еңбек еттім, барлық жағдайын жасадым. Тергеу кезінде маған қысым жасалды, сөздерім бұрмаланды. Үш балам бар, ортаншысы – мүгедек. Мен оларға керекпін. Соттан қатал үкім шығармауды сұраймын», – деді ол.

Прокурор соттан Сайлауовты ерекше қатыгездікпен кісі өлтірді және кісі өлтіруге оқталды деген баптар бойынша кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ 30 млн теңге моральдық өтемақы өндіріп беруді сұрады.

30 қазанда сотталушы соңғы сөзін сөйлейді, одан кейін алқабилер үкім шығарады.

Серіктес жаңалықтары