Алматы дәрігерлері 63 жасында қайтыс болған әйелдің көзіндегі мөлдір қабықты екі түрлі адамға салып берді

Автор: Бақыт Шынар

Марқұмның жүрегі, бауыры, екі бүйрегі де басқа адамдарға салынған

Фото: ДСМ

Алматы дәрігерлері қайтыс болған бір әйелдің бес ағзасын алты адамға трансплантациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1962 жылы туған әйел қайтыс болғаннан кейін оның туыстары донор ретінде ағзаларын алуға келісім берген. Сол арқылы алты адам аман қалған.

«Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының базасында қайтыс болғаннан кейін донордан, 1962 жылы туған әйелден көп ағза алынды.Марқұмның туыстары келісім берген соң бірден бірнеше өмірлік маңызды ағзаларды трансплантаттауға мүмкіндік туды», - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Дереккөзге сүйенсек, марқұмның:

  • жүрегі 1988 жылы туған пациентке;
  • бауыры – 1982 жылы туған пациентке;
  • оң жақ бүйрегі – 1996 жылы туған пациентке;
  • сол жақ бүйргі – 2017 жылдың қазан айынан бастап трансплантаттауды күткен 1966 жылы туған пациентке;
  • мөлдір қабығы –  1983 және 1956 жылы туған пациенттерге салынған.

«Донордың жасына қарамастан, дәрігерлер ағзалардың жақсы жағдайға болғанын, сондықтан, ағзалар басқа адамдардың бойында жақсы жұмыс істейтінін атап өтті», - деп хабарлайды ДСМ.