Өзбекстанда өзін «молдамын» деп таныстырған ер адам бейтаныс әйел мен оның жиеніне харассмент жасаған

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол сот арқылы жазасын алған

Фото: istockphoto.com

Ташкентте 33 жастағы ер адам өзін молда ретінде таныстырып, әйелдің үйіне «құран бағыштауға оқу» үшін барған. Алайда кейін ол әйел мен оның жиеніне жыныстық сипаттағы қылықтар көрсеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында ер адамның шын мәнінде такси жүргізушісі екені белгілі болды. Ол дін қызметкері емес, бірақ әйелге сенім ұялату үшін өзін молда ретінде таныстырған. «Құран оқып бергені» үшін ол әйелден 3,6 млн сом сұраған.

Янгихаёт аудандық соты ер адамды «Жыныстық қысым» (41-1-бап) бойынша айыпты деп танып, оған 5 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Алайда заңгерлердің пікірінше, оған қосымша 201-бап («Діни рәсімдерді өткізу тәртібін бұзу») да қолданылуы мүмкін еді. Бұл бап бойынша 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау көзделген.