Өткен жылы бұл ел 8 млн турист қабылдаған
Грузия халықаралық рейстер үшін шекараны ашпайтын болды. Пандемияға байланысты 1 шілдеге жоспарланған туристік маусымның басталуы кейінге шегерілді. Бұл туралы «Прайм» ақпараттық сайтына елдің Азаматтық авиация агенттігі хабарлаған.
«Ел үкіметі тұрақты халықаралық әуе қатынастарын 31 шілдеге дейін тағы да тоқтата тұруға шешім қабылдады. Азаматтық авиация агенттігі пандемияға байланысты бұған дейін де бірнеше рет әуе рейстерін кейінге шегерген болатын. Сырттан келетін туристер үшін 30 маусымнан кейін рұқсат беруді ойластырғанбыз. Бірақ әлі де асықпай шешім қабылдау керек деп ойлаймыз»,- деді Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Натия Турнава.
Азаматтық авиация агенттігі тиісті хабарламаны барлық әуе компанияларына жолдаған. Жауапты министрлік кеше, яғни 25 маусымда Грузия халықаралық рейстер үшін шекараны ашпауы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Әлем елдерінде COVID-19 вирусына байланысты жағдайдың ушығуына орай жақын күндері осындай шешім қабылданады деген болатын хабарламада.
Оқи отырыңыз: Грузия туристерді қабылдауға дайын, Түркия жуырда мәлімдеме жасайды
Айта кету керек, әлем елдерінің ішінде Грузия алғашқылардың бірі болып шетелдік туристер үшін шекараны ашуға дайын екенін мәлімдеген еді. Қазақстан туристік қауымдастығы да мамыр айының ортасында Грузия мен Түркия демалушылар үшін шілдеден бастап ашылады деп жоспарлаған.
Өткен жылы 8 млн турист қабылдаған елдің ІЖӨ-нің едәуір бөлігі осы туризмнен құралады. Сондықтан Гүржістан үкіметі COVID-19-ға байланысты шектеулерге қарамастан, Батуми мен Аджария аймақтарында биыл 1 шілдеден бастап шетелдіктердің келуіне рұқсат береді деген ақпараттар тараған-ды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы