Экскурсия «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында өтті
Республика күні қарсаңында «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері «Анаға тағзым» рухани-мәдени орталығында арнайы экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Экскурсияға 50-ге жуық қыз бала қатысып, орталықтың жұмысымен және ондағы экспозициялармен танысты. Жиналғандар ұлттық құндылықтар, ананы құрметтеу дәстүрі мен әйелдің қоғамдағы рөлі туралы кеңінен мағлұмат алды.
Жастарға арналған шеберлік сабақтары, психологиялық тренингтер және танымдық дәрістер өтті. «Анаға тағзым» орталығы – өңір басшысының бастамасымен салынған ұлттық үлгідегі мәдени-әлеуметтік нысан. Мұнда ұлттық дәстүрлер мен әйел еңбегін дәріптеу, сондай-ақ қыз-келіншектердің рухани және тұрмыстық әлеуетін арттыру бағытында түрлі жиындар өтеді.
«Жастар Рухы» облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Баймырзаның айтуынша, мұндай жобалар жастардың тарихи санасын қалыптастыруға және Республика күнінің мәнін терең түсінуге ықпал етеді.