Атырау облысында батпаққа батқан көліктен екі адам құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Екеуі далада түнеген

Фото: © istockphoto.com

Атырау облысында екі тұрғын Lada Priora көлігімен жолда қалып, далада бір түн өткізген. Оларды құтқарушылар келесі күні таңертең тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік далада тұрып қалған

Оқиға 19 қазан күні тіркелді. Екі ер адам 18 қазан кешке Мақат ауылынан Қарабау бағытына қарай шыққан. Алайда олардың көлігі дала жолында батпаққа батып, өз күштерімен шығуға шамалары жетпеген.

Таңертең туыстары ер адамдардың байланысқа шықпағанын байқап, олардың жоғалғаны туралы хабарлаған.

«Құтқарушылар іздеу жұмыстары кезінде екі ер адамды Макат ауылынан шамамен 65 шақырым жерде тапты. Медициналық көмек қажет болмады», – деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрлігі.

Құтқарушылар ескерту жасады

Мамандардың айтуынша, күзгі маусымда ауыларалық жолдарда бағыттан жаңылу немесе көліктің тұрып қалуы жиі кездеседі.

Осыған байланысты ТЖМ азаматтарға сапарға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын тексеруге, телефонның қуатын толтырып, байланыс құралдарын өзімен алуға, қатты жел, тұман немесе түнгі уақытта ұзақ жолға шықпауға кеңес береді.