$ 536.32  626.9  6.6
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көкшетауда мас жүргізуші полициядан қашып, қоршауға соғылды

Ол бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған

Көкшетауда мас жүргізуші полициядан қашып, қоршауға соғылды
Фото: © freepik.com

Көкшетауда BMW автокөлігінің жүргізушісі полициядан қашпақ болып, жол жиегіндегі металл қоршауға соғылды. Кейін белгілі болғандай, ер адам мас күйінде болған және бұған дейін де көлік жүргізу құқығынан айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Мас жүргізуші патруль талабын орындаудан бас тартқан

Оқиға 18 қазан күні түнгі сағат 1 шамасында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері дүкен маңынан шығып келе жатқан BMW көлігін байқайды.

«Көлік патрульдік машинаны көріп, жылдамдығын күрт төмендетті. Бұл жағдай күдік тудырып, тәртіп сақшылары тексеру үшін тоқтату туралы белгі берген. Алайда жүргізуші талапты елемей, қаша жөнелген», – делінген полиция мәлімдемесінде.

Полицейлер қауіп тудырмау үшін көлікті қуу кезінде жол қозғалысын мұқият қадағалаған. Алайда жүргізуші басқаруды жоғалтып, темір қоршауға соғылған.

Жүргізуші бұрын да жазаланған

Тексеру барысында ер адамның орта деңгейдегі мас күйде екені анықталды. Сонымен қатар оның екі жыл бұрын дәл осындай құқық бұзушылық үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.

«Алдыңғы жазадан сабақ алмаған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оның көлік басқару құқығынан айырылған күйде мас болып рөлге отырғаны расталды», – деп хабарлады Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары