Негізгі құрам 31 жылдық үзілістен кейін Премьер-лигаға қайта оралды
Ақтауда спорт маусымының сәтті аяқталуына орай «Каспий» футбол клубының ойыншыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
«2025 жыл «Каспий» футбол клубының тарихындағы ең табысты жылдардың бірі ретінде есте қалары сөзсіз. Бір маусымда сіздер үш ірі жетістікке жеттіңіздер: жас қыздар құрамасының жеңісі, «Каспий-Жастар» командасының сенімді ойыны және ең бастысы – негізгі құрамның 31 жылдық үзілістен кейін Премьер-лигаға қайта оралуы. Бұл – ұйымшыл еңбектің, жанқиярлықтың және туған жерге деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз Маңғыстау жастарына шабыт беріп, спорттың болашағына деген сенімді арттырды», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сонымен қатар клубтың 2009-2010 жылы туған жас спортшы қыздары ZHULDYZ LEAGUE B DIVISION чемпионатында үшінші орын иеленіп, жаңа буын футболшы қыздарға үлгі болды. Ал биыл құрылған «Каспий-Жастар» командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, Батыс конференциясының вице-чемпионы атанды.
2025 жыл маңғыстаулық футбол тарихында жаңа дәуірдің бастауы болды.
«Каспий» футбол клубы алдағы уақытта да өз позициясын нығайтып, жастар құрамаларын дамытып, жанкүйерлерін жаңа жетістіктерімен қуанта бермек.