Демалыс күндері Қазақстанның басым аумағында күн қайта суытады
Бірнеше облыста нөсерлі жауын жауып, қатты жел тұрады
Алдағы сенбі және жексенбі күндері Қазақстанның бірнеше облысында дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды «Қазгидромет».
26 маусымда Ақмола облысында күн күркіреп, найзағай ойнайды. Оңтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады. Кей жерлерде өрт қауіпсіздігі сақталады.
Нұр-Сұлтанда 27-28 маусымда жаңбыр жауады, найзағай ойнап, күн күркірейді. 27 маусымда бұршақ жауады деп күтілуде, ауа температурасы бұл күні 10-12 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстік-батыстан 15-20 м/сек жылдамдықпен жел соғады.
27 маусымда Қостанай облысында нөсерлі жауын жауады. Кей жерлерде бұршақ жауып, күн күркірейді, дауылды жел тұрады. 27-іне қараған түні ауа температурасы 3 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Күндіз 13-18 градус жылы.
27-28 маусым күндері Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңбыр жауады. Кей жерлерде найзағай ойнап, күн күркірейді және бұршақ жауады деп болжануда. Солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 23-28 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 2-10 градус, күндіз 10-18 градус төңірегінде болады.
27-28 маусымда Павлодар облысында нөсерлі жауын жауады, найзағай ойнап күн күркірейді. Солтүстік шығыстан дауылды жел тұрады. 28 маусым күні температура 10-18 градус жылылықты көрсетеді.
Қарағанды облысында да демалыс күндері нөсерлі жауын күтілуде. Кей жерлерде найзағай ойнап, күн күркірейді. Солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 25-28 метрге дейін жетеді. Күн суытады. 28 маусым күні термометр бағаны 18-18 градусты көрсетеді.
28 маусымда Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр жауады. Облыстың оңтүстік аудандарында нөсерлі жауын күтілуде. Күн күркіреп, найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан секундына 23-28 метр жылдамдықпен жел соғады.