Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны қайтадан артып жатыр - ДДСҰ
Әлемнің 30 елінде COVID-19 жұқтырғандар саны күрт артқан
Еуропада соңғы жеті күнде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт артқан. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа бюросының директоры Ханс Клюге айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы екі аптада әлемнің 30 елінде COVID-19 динамикасының өсімі байқалған. Оның ішінде Еуропаның 11 елінде вирустың жылдам тарауы эпидемияның қайта өршуіне алып келуі мүмкін.
«Бұл процесті тоқтатпасақ, Еуропа елдерінің денсаулық сақтау саласы құлдырайды. Мен бұған дейін де енгізілген шектеулерді алып тастау вирустың қайта өршуіне алып келуі мүмкін екенін айтқанмын. Бұл қауіп кейбір елдерде әлден басталып кетті», - деді ол.
Айта кету керек, ДДСҰ хабарлауынша, әлем бойынша 9,3 млн адамнан коронавирус анықталып, 479 мың адам қайтыс болған. Ал Еуропада COVID-19 жұқтырғандар саны 2,6 миллионнан асып, 195 мыңнан астам адам қайтыс болды.