Бұл іс сотта қаралды
Жамбыл облысының тұрғыны жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлем алып жүріп, бұл уақытта жасырын түрде басқа жерде жұмыс істегені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық соттың мәліметінше, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының азаматтан әлеуметтік төлемді өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық істі Жамбыл аудандық соты қараған.
2024 жылдың желтоқсанында ер адам өзін жұмыссыз ретінде тіркеп, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға өтініш берген. Соған сәйкес, оған 6 ай мерзімге әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған.
«Алайда 2025 жылдың мамыр айынан бастап, әлеуметтік төлем алып жүрген кезеңде жауапкер басқа мекемеде жұмыс істеген. Ол төлемді тоқтатуға негіз болатын мән-жайлар туралы хабарламаған. Осылайша, ер адам 230 мың теңге көлемінде артық әлеуметтік төлем алған», – делінген сот хабарламасында.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры артық төленген соманы өндіру туралы сотқа жүгінген. Сот істі жеңілдетілген тәртіппен қарап, талапкердің дәлелдерін негізді деп таныды.
Нәтижесінде, ер адамнан қор пайдасына 230 мың теңге көлеміндегі артық алынған әлеуметтік төлемді өндіру туралы шешім қабылданды.
Аталған сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.