Жамбыл облысында түнгі уақытта атына мініп, ауыл шетіне кеткен ер адам түрмеден бір-ақ шықты
Ол түнгі уақытта атымен шығып, қарасора терген

Жамбыл облысында түнгі уақытта жабайы қарасора жинаған ер адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысының Шу аудандық соты Жаңажол ауылының 36 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Ол аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтау (ҚР ҚК 297-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы) бойынша айыпталған.
Сот мәліметінше, 2025 жылдың тамызында ер адам Тасөткел ауылының шетінде өсіп тұрған жабайы қарасораны жинауға бел буған. Түнде ол жылқымен далаға шығып, өзімен бірге орақ пен арқан алып шыққан. Сол жерде зиянды өсімдікті орып, кептіруге дайындаған.
32 келіден астам есірткі табылды
Полиция жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіден 32 келіден астам кептірілмеген қарасоратәркіленді. Сараптама нәтижесінде оның құрамында есірткілік заттар бар екені анықталды.
Күдіктінің кінәсі өз мойындауымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарымен толық дәлелденді.
Сотталушы кінәсін мойындап, кешірім сұраған
Айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін және қатаң жазаға тартпауын сұраған. Сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен шын жүректен өкінуін жеңілдететін жағдай ретінде ескерді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, ер адам гашишке тәуелді, сондықтан мәжбүрлі ем алу қажет деген шешім шыққан.
6 жыл түрме және мәжбүрлі ем
Сот үкімімен ер адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, ол жазасын өтеу орны бойынша нашақорлықтан мәжбүрлі ем қабылдауға міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енді.