Қарағанды қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қалада кәріз коллекторын жаңарту жұмысы шұғыл түрде басталады

Фото: istockphoto.com

Қарағанды қаласында кәріз коллекторының №10 учаскесін қайта құру жұмысына байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметінше, аталған жұмыс Федоров су қоймасы маңындағы коллектор бөлігінде жүргізіледі.

«Қарағанды су» кәсіпорнының мәліметінше, №145 және №169 құдықтарының арасындағы 3,2 шақырымдық құбыр желісін ауыстыру жоспарланған.

Саяжай аумағын айналып өтетін жаңа желі салынады

Коллектордың бір бөлігі саяжай аумағының астынан өтеді. Бұл маңайда жерді су алып, жарылу қаупі бар учаске анықталған. Апаттың алдын алу мақсатында жаңа айналма желі салу туралы шешім қабылданды.

Бұл шешім жеке тұрғын үй құрылысына араласпай, жөндеу жұмысын қауіпсіз жүргізуге және кәріз жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қауіп жоқ, бірақ тәуекел бар

Қазір кәріз коллекторы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ешқандай құлау немесе су басу қаупі тіркелген жоқ.

Алайда мамандардың айтуынша, жаңбыр мен қар суы молайған кезеңдерде апат қаупі арта түседі. Сондықтан нысанның жағдайы мамандардың тәулік бойғы бақылауында.

Неліктен төтенше жағдай режимі қажет болды?

Әкімдіктің мәліметінше, төтенше жағдай режимі апаттың алдын алу үшін енгізілді.

«Бұл шешім қажетті материалдарды жедел сатып алып, құрылыс жұмысын ұзақ келісімдерсіз бастауға мүмкіндік береді. Негізгі жұмыс пен жеткізілімдерді осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қабылданған шаралар ықтимал апаттардың алдын алып, қаланың кәріз жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген хабарламада.