Ол мұндай насихатқа жаза қолдану керегін жеткізді
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұқаралық ақпарат құралдарында заңға қайшы контенттің таралуына алаңдады. Оның айтуынша, зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданғанымен, қоғамға оның маңызын жеткізу жұмыстары әлсіз жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз бұл заңды қоғаммен бірге талқыладық. Қыз алып қашу ауыр қылмыс екенін ашық айту керек дедік. Президент қолдап, заң өзгерді. Бірақ кеше Ұлттық арнадан бір сериал көрдім. Кейіпкер «Қызды алып қаштым» дейді, екіншісі «Болды ғой, аман-есен жүрміз» дейді. Бұл заңға қарсы насихат емес пе?» – деді депутат.
Ол Мәдениет министрлігін насихат пен түсіндіру жұмысын күшейтуге шақырды.
Депутаттың сынына жауап берген ішкі істер министрі Ержан Сәденов жаңа заң жобасында контент мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, заңға қайшы немесе теріс мазмұн анықталса, тиісті шаралар қолданылады.
«Мәдениет министрлігі түсіретін фильмдер мен басқа материалдар сараптамадан өтеді. Егер мазмұны теріс болса, ол бұғатталады. Сараптамалық бағалау жүріп, соған байланысты шешім қабылданады», – деді Сәденов.
Министр бұдан былай мұндай мәселелерге ерекше назар аударылатынын айтты. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов та депутаттың сынына жауап беріп, қажет болған жағдайда нақты шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
«Министр айтқандай, барлық бастама заң мен тәртіп қағидасы аясында ақпараттық қолдаумен жүреді. Егер ондай факті тіркелсе отандық сериал болса, шара қолданамыз. Егер шетелдік өнім болса түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Барлық шығармашылық ұжыммен жұмыс істейміз», – деді Ысқақов.