Қазір қылмыскерден емес, полициядан қорқатын заман болды – Базарбек
Депутат қоғамдық көмекшілердің қауіпсіздігіне алаңдады

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек құқық бұзудың алдын алу мәселесіне арналған Мәжіліс отырысында полиция жұмысын қатаң сынға алды. Ол қоғамдық қорғаушылардың белсенділігін мемлекет тиімді пайдалана алмай отырғанын айтып, олардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қоғамдық қорғаушылар қазір кез келген қылмысты ашуға дайын. Бірақ сіздер оларға қауіпсіздік кепілдігін бере аласыздар ма? Қазір қылмыскерден емес, полициядан қорқатын заман болып тұр. Қаншама қоғам өкілдері қылмыстарды ашық айтып жатыр, бірақ іс қозғалмайды», – деді депутат.
Бақытжан Базарбек мысал ретінде Алматыдағы таулы аймақтарда жерді заңсыз басып алу фактілерін келтіріп, бұл деректер қоғам белсенділері тарапынан жарияланғанымен, бірде-бір қылмыстық іс қозғалып жатпағанын айтты. Талғар ауданы бойынша тоғыз дерек анықталды. Алматы бойынша он екі дерек анықталған. Алайда қылмыстық істер қозғалмапты.
«Керісінше, оларға қысым жасалады. Ақыры мемлекетке көмектескісі келген адамдар үмітін үзіп, өз жолымен кетіп қалады. Сондықтан біз қоғамдық көмекшілерге нақты қауіпсіздік кепілдігін беруіміз керек. Бізде профилактика жұмыс істемейді. Учаскелік полициялар жұмыс істемейді», – деді ол.