Алматы метросы жаңа рекорд орнатты: өткен айда 3,1 млн-нан аса адам қатынаған
Жолаушылар саны бір жылда 21%-ға артқан

Алматы метрополитені 2025 жылдың қыркүйек айында 3,1 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл – өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі DataHub-қа сілтеме жасап.
Мұндай көрсеткіш – метро тарихындағы ең жоғары айлық рекорд. Бұған дейінгі статистика кезеңдерінде мұндай көлем тіркелмеген.
Метроға сұраныс тұрақты өсіп келеді
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында жолаушылар ағыны жылдық есеппен ай сайын шамамен 14%-ға өскен. Салыстырмалы түрде, 2024 жылдың осы кезеңінде орташа өсім небәрі 1% болған, себебі төрт ай қатарынан төмендеу байқалған.
Бір күндік рекорд – «Қайрат» пен «Реал» матчы күні
Қыркүйек айында метрополитен тәуліктік көрсеткіш бойынша да бірнеше рет рекорд жаңартқан. Соның бірі – «Қайрат» пен «Реал» футбол матчы өткен күні. Сол күні метроны 143 мыңға жуық жолаушы пайдаланған.