$ 538.63  622.23  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық сипатындағы тәрбиелеу тәсілдері азайды – Зәкиева

Бұл – Орталық Азия және Еуропа елдерінің арасында тіркелген ең үздік нәтижелердің бірі

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық сипатындағы тәрбиелеу тәсілдері азайды – Зәкиева
Фото: Instagram/zakiyevadinara

Қазақстанда ата-аналардың балаларды тәрбиелеу кезінде күш қолдану және психологиялық зорлық көрсету деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстанда ата-аналардың балаларды тәрбиелеу барысында күш қолдану және психологиялық зорлық көрсету секілді зорлық-зомбылық сипатындағы тәрбие тәсілдерін қолдану деңгейі 53 пайыздан 38 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) жүргізген 2024 жылғы Көпкөрсеткішті кластерлік зерттеу (МИКС) нәтижесінде анықталды», – деді ол.

Динара Зәкиеваның айтуынша, бұл – Орталық Азия және Еуропа елдерінің арасында тіркелген ең үздік нәтижелердің бірі. Мұндай деректер ЮНИСЕФ Еуропа және Орталық Азия өңірлік кеңесшісі Аарон Гринберг ұсынған баяндамада келтірілді. Құжат БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, ЮНИСЕФ және Румыния Үкіметі ұйымдастырған балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі халықаралық конференция аясында Бухарест қаласында таныстырылған.

Басқосуда Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның 32 елінің үкімет өкілдері бір жыл бұрын Колумбияда өткен алғашқы жаһандық конференциядан кейінгі жетістіктерімен және тәжірибесімен бөлісті. Мақсат – балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жолындағы бірлескен іс-қимылды күшейту.

«Осы жиында мен әріптестеріме Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына сәйкес қабылданған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар мен заңдар туралы баяндадым», – деді Динара Зәкиева.

Уәкіл атап өткендей, биыл көктемде ЮНИСЕФ-тің өңірлік директоры Реджина де Доминичис Қазақстанға сапары барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездесіп, елімізде балалардың құқықтарын қорғау және оларды зорлық-зомбылықтан сақтау бағытында атқарылып жатқан шараларды жоғары бағалаған. Ол Қазақстан тәжірибесін Еуропада өтетін конференцияда үлгі ретінде көрсету қажеттігін айтқан.

«Әсіресе тәулігіне мыңға жуық бала көмек сұрап жүгінетін QR 111 жүйесінің және буллингтің, зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алу мақсатында түрлі бағдарламаларды біріктіретін SAFE платформасының маңызы ерекше», – деді Зәкиева.

Оның айтуынша, балалардың құқықтарын толық қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бағытындағы жұмыстар «Қазақстан балалары» атты ұлттық бағдарламада көрініс тапқан. Бағдарлама 150-ден астам тармақтан тұрады және балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, МИКС – ЮНИСЕФ бес жылда бір рет өткізетін көпкөрсеткішті кластерлік зерттеу.

Серіктес жаңалықтары